31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – тарихтың қасіретті беттерінде жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамның тағдырын еске алып, өткеннің зобалаңынан сабақ алатын кезең. ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін қазақ даласын қара жамылдырып, талай әулеттің шаңырағын шайқалтты. Бүгін ел жұрты сол нәубет құрбандарының рухына тағзым етіп, әділет пен азаттықтың қадірін терең сезінеді, деп хабарлайды oskemencity.kz Altainews.kz. сайтына сілтеме жасап.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды. Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді.
19 ҰЛАНДЫҚ АЗАМАТ НЕ ҮШІН АТЫЛДЫ?
1937 жылдың қара күзі. Ұлан мен Жарма өңірінде бір күнде «халық жауы» атанған ондаған адамның тағдыры қыл үстінде тұрды. Солардың бірі – ақын, ағартушы, бұрынғы молда Оралбай Баужанов еді.
– Кейін архивтер ашылып, құпия құжаттар сөйлегенде, «контрреволюциялық ұйым», «ұлтшыл-фашист», «қарулы көтеріліс» деген айыптардың артында шын мәнінде ешқандай дәлел болмағаны белгілі болды. Ал атылған 19 азаматтың «кінәсі» – ел ішінде сөзі өтетін, көзі ашық, ықпалды адамдар болуы еді, - дейді осы тақырыпты зерттеп жүрген облыстық өлкетану музейінің қызметкері Сәкен Ғайса.
Оралбай Баужанов 1881 жылы қазіргі Ұлан ауданы аумағындағы бұрынғы Ұранхай ауылдық кеңесіне қарасты Тоқсанбай ауылында дүниеге келген. КГБ архивіндегі анкеталық мәліметтерде ол «шаруадан шыққан, бұрынғы молда, мұғалім» ретінде сипатталады. Отбасылы болған. Жары – Нұрапия, балалары – Нұрғазы, Нұрзия және Қадыр.
– 1937 жылдың 8 қыркүйегінде Оралбай Баужанов өзінің 18 жерлесімен бірге қамауға алынады. Тергеу құжаттарында оларға ауыр айып тағылады. Яғни, «Ұлан және Жарма аудандары аумағында әрекет еткен контрреволюциялық ұлтшыл-фашистік ұйымның мүшелері болды, колхоз құрылысын құлатуға әрекет жасады, кеңеске қарсы үгіт жүргізді» деп көрсетілген. Тіпті, «КСРО Жапониямен немесе Германиямен соғысқан жағдайда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болды» деген де қисынсыз айыптар тіркелген, - деп жалғастырды музей қызметкері.
Арада бір ай өтпей жатып, 1937 жылғы 16 қазанда атышулы «үштік» Оралбай Баужанов пен оның серіктеріне ату жазасын кеседі. Үкім 24 қазанда орындалған.
Архивтегі қылмыстық істер құжаттарында Ұлан ауданы Ұранхай ауылдық Кеңесінің 1937 жылғы 12 қыркүйекте берген № 140-шы анықтамасы қоса тігілген. Онда: «О. Баужанов бұрынғы молда, 1922-1923 жылдарда «Азбас» контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның ұйымдастырушысы болған, 1931 жылы сотталған, соңғы кездері мұғалім болып істейді. «Азбас» контрреволюциялық ұйымына мүше болғаны үшін және бұрынғы молда ретінде колхоздан шығарылған» делінген.
Бірақ уақыт өте келе тарихтың шындығы бәрібір ашылды. 1957 жылғы 8 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық соты бұл істі қайта қарап, «контрреволюциялық ұйымға қатысушылардың» түгелдей жазықсыз сотталғанын мойындап, толық ақтады. Ақтау құжаттарында айыптардың тек тергеу кезіндегі «мойындауларға» негізделгені, басқа ешқандай объективті дәлел болмағаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал сол дәуірде «мойындатудың» қандай жолмен жүзеге асқаны бүгін құпия емес.
Архивтегі қылмыстық істе тағы бір қызық дерек бар. Ұранхай ауылдық кеңесінің 1937 жылғы анықтамасында Оралбай Баужановтың 1922–1923 жылдары «Азбас» ұйымының ұйымдастырушыларының бірі болғаны жазылған. Кеңестік құжаттар бұл ұйымды да «контрреволюциялық ұлтшыл ұйым» деп сипаттауға тырысқан.
АЛАЙДА ШЫНДЫҚ МҮЛДЕ БАСҚА ЕДІ
Сәкен Ғайса «Азбас» расында болған ұйым екенін айтады. Бірақ ол байлардың емес, қарапайым кедей шаруалардың мүддесін қорғаған. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздікке қарсы пікір айтып, ауыл адамдарының сөзін сөйлеген қозғалыс ретінде белгілі болған. Кейін кеңестік идеология өзіне ұнамаған кез келген бастаманы «халық жауының ұйымы» деп көрсетуге тырысты. Соның салдарынан «Азбасқа» қатысы бар деген азаматтардың барлығы күдікке ілінді.
– Оралбай Баужановтың өмірбаянына қарасаңыз, оны «бай-кулак» деуге де негіз жоқ. Архив деректерінде революцияға дейін оның небәрі 8 жылқы, 13 ірі қара, 25 қой-ешкі ұстағаны көрсетілген. Ал 1926–1927 жылдары қолында 5 жылқы, 5 ірі қара, 20 қой қалған. Бұл – қазақ ауылындағы орта шаруа деңгейіндегі күнкөріс малы ғана еді, - дейді Сәкен Ғайса.
Бірақ 1930-жылдардағы саясатқа байлықтың нақты көлемі емес, адамның қоғамдағы беделі мен өткен өмірбаяны маңызды болды. Бұрын молда болғаны, халыққа білім бергені, көзі ашық азамат атануы – Оралбай Баужановты күдіктілер қатарына қосты.
Осылайша, «халық жауларын» іздеген зұлмат жылдарда Ұлан өңірінің 19 азаматы жалған жаланың құрбаны болды. Олардың тағдыры – бір ғана әулеттің емес, тұтас халықтың қасіреті. Ал «Азбас» төңірегіндегі ақиқат – кеңестік қуғын-сүргін тарихының әлі толық ашылып бітпеген беттерінің бірі.
«ОРАЛБАЙДЫҢ БАЛАСЫМЫН» ДЕУГЕ ҚОРҚАТЫНБЫЗ...
Кей адамдардың тағдыры тұтас бір дәуірдің қасіретін арқалап өтеді. Оралбай Баужановтың өмірі де сондай. Оның артында қалған азғантай дерек, сарғайған газет қиындылары мен архивтен табылған бірнеше құжат – бір адамның ғана емес, зұлмат жылдардың үнсіз шежіресі секілді.
Оралбай Баужановтың немересі Әлия Нұрғазықызы Өскемен қаласында тұрады. Біз ол кісімен арнайы жолығып, атасы туралы әнгімелеп беруін өтінген едік.
Апай қолына ескі папкасын қыса ұстап келді. Папка ішіндегі әр қағаздың өз мұңы бардай. Мұнда ақын туралы әр жылдары жарық көрген мақалалар, Президенттік архивтен алынған анықтамалар, ақталғаны жөніндегі ресми құжаттар сақталған. Бірақ сол қағаздардың арасында бір ғана дүние жоқ еді — Оралбайдың суреті.
Әлия апай әлсін-әлсін сарғайып кеткен кішкентай қағазды аялай ұстап қарай береді. Онда ақынның бір шуамақ өлеңі сақталыпты:
«Оралбай, өзім атым, әкем – Баужан,
Ер жігіт, тапқан малың – еткен саудаң.
Батпаққа аяғыңды батырады,
Әр қайда сақ болмасаң, нәпсі жаудан…»
Төрт жол өлең… Бірақ сол жолдардың өзінен заманның зары, азаматтың болмысы аңғарылады.
– Әкем Нұрғазы 1910 жылы туған. Мен кішкентай кезімнен әкемнен атам туралы көп сұрайтынмын. «Қалайша бір де бір суреті қалмаған? Не өлеңдері, не жазбалары жоқ?» деп таңғалатынмын, – дейді Әлия апай өткен күннің елесін көз алдына әкелгендей баяу сөйлеп.
Оралбай Баужанов Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесінде, кейін Семейде білім алған, көзі ашық, сауатты азамат болған. Арабша да, орысша да еркін оқыған. Бірақ қуғын-сүргіннің қара дауылы ондай адамдарды аямады.
– Арабша кітаптарын шатырдағы күлдің арасына жасырып сақтаған екен. Тінту кезінде табылған кітаптардың бәрін сол жерде өртеп жіберіпті. Апамыз Нұрапия кейбір өлеңдерін қи арасына тығып аман алып қалмақ болған. Бірақ уақыт өте бәрі жоғалып кеткен, – дейді Әлия апай.
Бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың басынан өткен трагедия. Қуғындалған адамның артында қалған ұрпағы да қорқынышпен өмір сүрді.
– Әкем ол кезде «Оралбайдың баласымын» деп айтуға қорқатын заман болғанын айтатын. Тіпті оның баласы екенін дәлелдейтін құжаттар да болмапты, – дейді кейіпкеріміз.
Сол бір үрейлі кезең адамдардың тегін айтуға, өткенін еске алуға мүмкіндік бермеді. «Халық жауының» баласы болу – үнсіз жаза еді.
Жылдар өте Әлия апай атасының ізі қалған әр архивті ақтаруға кіріседі. Алматыдағы Президенттік архивке хат жазады. Ақыры Оралбай ұсталған кездегі анкета табылады. Онда отбасы, балалары туралы мәлімет толық көрсетілген.
– Үш баласы болған: менің әкем Нұрғазы, Нұрзия деген қызы және Қадыр атты ұлы. Облыстық прокуратурадан толық ақталғаны туралы ресми жауап та алдым. Бірақ суреті жоқ… «Халық жауы» деп ұсталған адамның суреті болмауы мүмкін емес қой. Әлі де іздеп жүрмін. Бір күні табылып қалар деп үміттенемін, – дейді ол.
Бұл сөздерден немеренің ғана емес, тарих алдындағы парызын өтеуге тырысқан адамның жан күйзелісі сезіледі.
Оралбайдың «Ғалия» медресесінде оқығаны туралы деректі кезінде ардагер журналист Мұрат Әміренов те жазған еді. Оның «Дидар» газетінде жарияланған «Ақын тағдыры» атты мақаласында Қадылғұмар Әміреновтің естелігі берілген.
Онда Садық Түкібаев есімді ұстаздың «Каршығада Оралбай Баужанов деген ақын бар еді, екеуміз Уфадағы «Ғалия» медресесінде бірге оқығанбыз. Ақындығы жақсы еді…» – деген сөзі келтіріледі.
Бәлкім, уақыт шаңы басып қалған бұл бір ауыз естелік – Оралбай ақынның тірі бейнесінен жеткен соңғы жаңғырықтардың бірі шығар.
Қазір Оралбай Баужановтың есімі архивтердің сарғайған беттерінде ғана қалғандай көрінеді. Бірақ оның тағдыры – ұмытылмауға тиіс тағдыр. Өйткені қуғын-сүргін жылдары атылып кеткендердің көбінің артында дәл осындай үнсіз қалған әңгімелер, табылмай кеткен суреттер, жоғалған қолжазбалар жатыр.
Ал Әлия апай болса әлі де үмітін үзбейді. Мүмкін, бір архивтің терең бір сөресінде Оралбайдың да жүзі сақталып тұрған шығар… Бір кезде «Оралбайдың баласымын» деуге қорыққан ұрпақ, енді оның есімін қайта жаңғыртуға тырысып жүр.
Бұл — кешіккен әділеттің де, үзілмеген үміттің де белгісі.
