Құтқарушылар су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары бойынша брифингке қатысты

Күннің жылынуына байланысты Шығыс Қазақстандағы су айдындарында демалушылар саны артып келеді.


Өңірдегі су айдындарында қауіпсіздік талаптарын елемеу салдарынан, әсіресе спорттық құралдарды пайдалану кезінде қайғылы оқиғалар саны көбейіп отыр. Көптеген демалушылар су спортымен құтқару кеудешесін кимей айналысады, бұл үлкен қауіп тудырады. Мәселен, сапборд – оңай аударылатын құрал, ал аз ғана желдің өзінде адамды жағадан алыстатып әкетуі мүмкін.

Балаларды судың жанында қалдыру мәселесі де бар. Профилактикалық және рейдтік іс-шараларды жүргізу кезінде ТЖД қызметкерлері ересектердің қатысуынсыз су қоймаларында ойнайтын балалар мен кәмелетке толмағандарды жиі кездестіреді.

ШҚО ТЖД өңірдегі су айдындарында адам өлімінің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Құтқарушылар су айдындарына тұрақты мониторинг жасап, демалыс орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Сонымен қатар, тұрғындарға арналған қауіпсіздік ережелері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылуда.

Ведомствода 2026 жылғы шомылу маусымына дайындық аясында «2026 жылдың жазғы кезеңінде су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары» әзірленіп, келісілген.

«Су қауіпті және жауапсыздыққа жол бермейді. Жабдықталмаған жерлерде шомылуға жол бермеу, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, сондай-ақ балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға жол бермеу туралы тағы да еске саламыз. Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы көзделгенін еске саламыз», - деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter