Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарау қажет»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда өткен Анталия дипломатиялық форумы аясындағы «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясына қатысты. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде қазіргі әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгеріс кезеңіне аяқ басқанын аңғартты. Жаһандық шиеленістердің ушығуы, халықаралық институттардың әлсіреуі және сенім дағдарысының тереңдеуі жағдайында басты жауапкершілік саяси көшбасшыларға жүктелетінін атап өтті. Осы ретте Президент БҰҰ жүйесін реформалау қажеттігін, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесінің тиімділігін арттыру маңызды екенін алға тартып, стратегиялық ұстамдылық пен салқынқандылық бүгінгі геосаяси тұрақсыздықты еңсерудің негізгі тетігі болуы тиіс екенін жеткізді.

Жиында Мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған басшылығымен Түркияның халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

– Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде қазіргі жаһандық жағдай мен халықаралық күн тәртібін айқындайтын негізгі үрдістерге тоқталды.

– Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Біз әлі де жолайрықта тұрмыз» деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, «Ұйымға тез арада реформа жасалады» дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент бүгінгі көшбасшыларға тән қасиеттер туралы пікір білдірді.

– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын. Қазіргі сәтте стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, келіссөздер барысында басты мәселелерге назар аудару қажет.

– Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек. Бірақ қазір жаһандық сауда мәселесін талқылауға көшіп кеттік. Қиындықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter