РЕФОРМАЛАРДЫҢ МӘНІ – 4: ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ҰЛТ
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы
Елімізде қазір іске асырылып жатқан реформалар өзінің ауқымдылығымен ерекшеленеді. Шын мәнінде, қысқа мерзімде олар экономика мен саясаттан бастап бірегейлік мәселелеріне дейінгі ұлттық мүддені көздейтін барлық саланы қамтып үлгерді. Дегенмен әрбір жалпыұлттық реформаның мазмұнымен қатар, жүзеге асырылатын кеңістігі, яғни нақты орны болатыны белгілі. Ол орын – біртұтас елді құрайтын өңірлер екені анық. Себебі қолға алған реформалар қала мен ауылда тұратын халықтың мүддесі үшін, солардың күш-жігерімен өңірлерде жүргізіледі. Сондықтан Мемлекет басшысы жариялаған «Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» қағидаты Қазақстан өзінің даму жолында табан тірейтін негіз болды және солай болып қала береді.
БІРЕГЕЙЛІГІМІЗДІҢ ӨЗЕГІ
Бұған дейінгі мақаламызда жаңғырған ұлттық бірегейлік Әділетті Қазақстанның негізгі өзегіне және қазіргі дағдарыс кезеңінде өзгерістерге серпін беретін қуат көзіне айналуы керек екенін айтқан едік. Бұл ретте ұлттық бірегейлік дегеніміз абстрактілі ұғым емес екенін айта кеткен жөн. Ол мыңдаған сағасы бар үлкен өзен сияқты, яғни бойына ойлай білетін, жоспар құратын, бала тәрбиелейтін, еліміздің әр түпкірінде тұрып, жұмыс істейтін адамдардың нақты ойын, арман-тілегін, тәжірибесі мен мінез-құлқын өзіне сіңіреді.
…Жалпы, біздің жеке бірегейлігіміз жас күнімізден қалыптасады. Оның негізі күнделікті күйбең тіршілікте жанға жылу сыйлайтын жарқын сәттерден құралады. Дәл осы бала шақта алған әсерлер кейінгі өмір жолымызға сәуле түсіріп, тұлға ретінде қалыптасуымызға ықпал етеді.
Мен жазғы демалысымды көбіне Алтай тауының бөктеріндегі Алмасай ауылында, нағашы жұртымда өткізетін едім. Күнде кешкісін өрістен қайтқан малды жайғап болған соң ауладағы ошаққа от жағылатын. Нағашы әжем ас әзірлеп, бәріміз дастарқан басына жиналушы едік. Кешкі астан кейін маздап жанған отты айнала отырып, ымырт үйірілген шаққа дейін әжеміздің әңгімесін тыңдайтынбыз. Ол кісі әңгіме айтудың шебері еді. Әсіресе, батырлар жыры, хикаяға толы дастандар, Қажымұқан балуан жайындағы деректер және ел басына күн туған қиын-қыстау кезең туралы оқиғалар есімде қалыпты. Шынтуайтына келгенде, әжемнің сол әңгімелерінен алған тағылым өмірлік азық болды десем, артық емес.
Сол кездегі жұлдызды түн, таудан ескен самал, жалындап жанған алау есімнен бір сәтке де шыққан емес. Тіпті, әжемнің өткен өмір, ата-бабамыздың ерлігі, аласапыран жылдар туралы айтқан әңгімелері мен жұмсақ даусы да әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр.
Кемелденген шаққа жеткен қазіргі кезеңнен кейінгі уақытқа зер салар болсам, тұлға ретінде қалыптасуыма әсер еткен көп оқиғаның арасынан ауылда өткізген сол күндер мен түндерім мұхиттағы арал секілді ерекшеленіп тұрады. Олар – мені халқымның жан дүниесімен жалғап тұрған және бала күнімнің ең аяулы сәттерін көз алдыма әкелетін сағынышқа толы естеліктер.
…Кең-байтақ даламыздың әр бұрышындағы ауыл мен қалашық жай ғана «елді мекен» емес. Олар – біздің бірегейлігіміздің өзегі. Себебі жаһандық оқиғалармен қарбаласып жатқан орталықтан жырақта орналасқан дәл осы жерлерде ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ұлттық код пен елдік қуат сақталған.
Ұлттық ерекшелігіміз де сол жерден тамыр тартады. Салтымыз бен ғұрпымыз, түптеп келгенде, даму бағдарымыз да ауылдан бастау алады. Ауыл – қазақы бірегейліктің қайнар көзі мен берік қамалы. Бұл жерде ұлттық рух тарихтың бір бөлшегіне айналмай, күнделікті тұрмыста көрініс тауып, елмен бірге жасап келеді.
Сондықтан халқымыздың мәдени және адамгершілік коды сақталған ауылмен байланыс бар кезде біз ұлт ретінде нығайып, ілгері жылжи береміз деп толық сеніммен айта аламыз.
Ал егер ауылды, ондағы тыныс-тіршілікті жоғалтатын болсақ, ұлттық рухпен арадағы нәзік байланысты да үземіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылды дамытуға, елді мекенде өмір сүру деңгейін жақсартуға, аймақтардың әлеуетін барынша ашуға және облыстар мен аудан тұрғындарын елдегі саяси және экономикалық жобаларға белсенді түрде тартуға бағытталған реформаларының мәні осындай ұстанымға табан тірейді.
