Дженнифер Лопестің концерті: Ticketon өтемақы төлейді
1 тамызда Астанада өтетін әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концертіне билеттер толықтай сатылып кетті. Бұл туралы Freedom Ticketon компаниясы ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Компанияның айтуынша, соңғы күндері билет сату жүйесінде орын алған қиындықтарға байланысты әрбір жағдай жеке қаралып, мәселені шешу үшін нақты шешімдер қабылданған. Билеттерді броньдаған немесе сатып алған қолданушылардың саны жоспарланған квотадан сегіз есе көп болған.
Дженнифер Лопес концертіне билеттерді бөлу аяқталды және бөлінген орын квотасы толығымен таусылды, билеттер енді жоқ, – делінген Freedom Ticketon хабарламасында.
Freedom Ticketon клиенттердің наразылығын ескеріп, келесі өтемақы тетіктерін іске қосқанын хабарлады:
- Ваучер алмаған, бірақ төлем жасаған клиенттерге – төленген соманың толық қайтарымы және билет құнының қосымша 100%-ы өтемақы ретінде төленеді.
- Билеттері сол бағадағы басқа орындарға ауыстырылған клиенттерге – бастапқы билет құнының 50%-ы өтемақы ретінде қайтарылады.
- Арзанырақ орындарға ауысқандар – билет құнының 100%-ын қайтарады, ал концертке тегін қатыса алады.
Компания барлық клиенттерге алдағы тәулікте SMS-хабарлама жіберілетінін және қайтару процесі банктік жүйеге байланысты 3-тен 10 жұмыс күніне дейін созылатынын атап өтті.
Айта кетейік, 11 сәуірде билет сатылымы басталған сәтте Freedom Ticketon сайты пайдаланушылардың шамадан тыс көп болуына байланысты бірнеше сағат бойы дұрыс жұмыс істемеген. Бұл жағдай желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, наразылық туғызды. Техникалық ақаулар нәтижесінде брондалған тапсырыстар қайталанып, кейбір қолданушылар бірнеше рет бірдей билетті сатып алған.
Компания өкілдері бұл жағдайдан үлкен сабақ алғандарын айтып, болашақта мұндай келеңсіздіктерді болдырмауға уәде берді.