Ел рәміздері ұлықталған мерекеде үздіктерге құрмет көрсетілді – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Туымыз тұғырлы! Елтаңбамыз еңселі! Әнұранымыз айбынды!» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, қоғам өкілдері мен өңір тұрғындары қатысып, ел тәуелсіздігінің басты нышандарына құрмет көрсетті.

Салтанатты шара барысында әнұран шырқалып, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, елдіктің еңсесі болған мемлекеттік рәміздердің маңызына тоқталды.

– Бүгін елдігімізді айқындайтын Мемлекеттік Рәміздер күні. Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың сан ғасырлық тарихын айқындайтын, асқақ рухы мен жарқын болашаққа деген сенімін білдіретін қасиетті құндылықтарымыз. Олар әрбір қазақстандықтардың жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін оятып, ел игілігі жолында адал қызмет етуге үндейді. «Туы бірдің – түбі бір» дана сөзі халқымыздың бірлігі мен тұтастығын айшықтайды. Қазақ елінің көгінде Ұлы даламыздың айбынын асырған тәуелсіздік Туы әрдайым желбірейді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіктің, тәуелсіздік пен еркіндіктің белгісі. Елтаңбамыз – халқымыздың бай тарихы мен жарқын болашағын тоғыстырған азаттықтың ашық, айшық көрінісі. Ал Әнұранымыз – ерлік пен еркіндіктің, ұлттық рухтың асқақ үні. Тәуелсіздігіміздің осы үш символы халқымызға рух беріп, жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздер – ұлттың рухани тұғыры, елдің еңсесін көтеретін біздің нағыз асыл мұраларымыз, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов. 

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес білім беру саласының үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Құрмет» ордені Катонқарағай ауданындағы Сейітқамза Ластаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Назигүл Жылмаспаева мен Ұлан ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектебінде 40 жыл үзбей еңбек еткен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Майнұр Ескендіроваға табысталды. 

Марапат иелерінің бірі Майнұр Саменқызының айтуынша, бұл құрмет өзінің ғана емес, ұзақ жылғы еңбегін бағалаған әріптестері мен білім ордасының ортақ жетістігі.

– Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты түрде жоғары деңгейдегі төсбелгімен марапатталғанымды ерекше құрмет көремін. Ұжымыма, отбасыма, аудандық білім бөлімі мен облыс басшылығына ризашылығымды білдіре отырып, алғыс айтамын, - дейді ұстаз. 

Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі Марқакөл ауданындағы «Қалжыр» орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жанат Жикбаеваға, Өскемен қаласындағы Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Күлбаран Ибраеваға және Глубокое ауданындағы Белоусовка орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Елена Саблеваға берілді. 

Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Елена Владимировна мұғалім мамандығының басты миссиясы туралы өз ойымен бөлісті.

– Еңбек өтілім 36 жылға созылып келеді. Институт бітіріп, алғаш білім нәрін сусындаған мектебіме қайтып оралдым. Содан бері сол мектепте үздіксіз қызмет етіп жүрмін. Кез-келген мұғалімнің басты міндеті – балаларға махаббат дарытып, толық адам етіп шығару. Жақсы адам өз Отаны үшін әрқашан жанын беруге дайын тұлға. Сондықтан, басты миссиямыз – жақсы да, лайықты азамат тәрбиелеп шығару, - дейді Елена Владимировна. 

Іс-шара барысында өңірдің қоғамдық және ақпараттық өміріне белсенді үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында қоғамдық ұйым өкілдері, төтенше жағдайлар саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары мен шығармашылық орта өкілдері бар.

Салтанатты жиынның тағы бір маңызды бөлігі – мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан тағайындалған қызметшілердің ант қабылдау рәсімі болды. Олар Қазақстан Республикасының заңдары мен мемлекеттік қызмет қағидаттарына адал болуға ант беріп, ел мүддесіне қызмет ету жауапкершілігін өз мойындарына алды.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter