Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – болашақ алдындағы басты міндет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су мәселесін шешу – елдің тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ескерту жасалғанына қарамастан, шаруалар әлі де суды көп қажет ететін дақылдарды егуді жалғастырып отыр. Кейде суару үшін су рұқсатсыз бұрылып алынады. Бұған қоса, «қара нарықта» суды заңсыз сату және сатып алу фактілері кездесуде. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына бұл мәселені назарға алуды тапсырды.
Президент Арал теңізін қалпына келтіру бойынша 20 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмысты оң мысал ретінде келтірді. Нәтижесінде Солтүстік Аралдың көлемі ұлғайып, су сапасы жақсарған. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беруге тиіс.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің тартылу қаупіне тоқталды. Ол жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында бұл мәселеге арнайы тоқталып, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі кеңес құруды ұсынғанын айтты.
Мемлекет басшысы суға қатысты дұрыс шешім қабылдау – келер ұрпақтың игілігі екенін баса айтты.

