Өскемен-1 теміржол вокзалы жаңғыртудан кейін жолаушыларға есігін ашты
Өскеменде 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Өскемен-1 теміржол вокзалы толық реконструкциядан өтіп, жаңартылған нысан пайдалануға берілді. Жаңа вокзалдың ашылу рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы қатысты.
Реконструкция жұмыстары ғимараттың техникалық жағдайына жүргізілген тексеру нәтижесінде басталған. Сараптама қорытындысы бойынша бұрынғы вокзал ғимаратын толық бұзып, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа нысан салу туралы шешім қабылданған.
Жаңа вокзалдың жалпы аумағы екі еседен астам ұлғайып, 858 шаршы метрден 1,8 мың шаршы метрге жетті. Нысан жолаушылардың күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып жобаланған. Мұнда күтуге арналған кең әрі жайлы орындар, жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым және қажетті инженерлік жүйелер қарастырылған.
Реконструкция барысында инженерлік коммуникациялар толық жаңартылып, перрон қайта жасақталды. Вокзал маңындағы аумақ абаттандырылып, жолаушылардың қозғалысына қолайлы жағдай жасалды.
Нысанда қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Вокзал заманауи бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталды. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін лифт, эскалатор, көтергіш платформалар және тактильді навигация қарастырылған. Бұл вокзал инфрақұрылымын жолаушылардың барлық санаты үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жаңа вокзалдың негізгі артықшылықтарының бірі – қауіпсіздік пен қолжетімділіктің заманауи талаптарға сәйкестігі екенін атап өтті.
Өскемен-1 – облыс орталығындағы негізгі теміржол нысандарының бірі. Вокзал арқылы күн сайын 2 мыңнан астам жолаушы өтеді. Станциядан Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достық бағыттарына қатынайтын 12 жолаушылар пойызы жүреді. Сондықтан нысанды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырумен қатар, қала мен өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға да ықпал етеді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, жаңартылған вокзал облыстың басқа өңірлермен көлік байланысын қамтамасыз ететін маңызды нысан ретінде қызмет етеді.
«Жаңа теміржол вокзалы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Ол көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, облысты еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырады. Жаңғырту жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бір бағдарлама аясында облыстағы бес вокзалды жаңғырттық. Бүгін Өскемен-1 вокзалының ашылуымен осы жұмыс кезеңін аяқтап отырмыз», – деді облыс әкімі.
Өскемен-1 вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдары мен инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысында бес теміржол вокзалын жаңарту көзделген. Бұған дейін Шемонаиха, Риддер және Алтай қалаларындағы, сондай-ақ Күмістау станциясындағы вокзалдар пайдалануға берілді. Өскемен-1 вокзалының іске қосылуы өңірдегі осы кезеңнің қорытындысы болды.
Жалпы, жаңа вокзал жолаушылар үшін заманауи жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және теміржол инфрақұрылымын қазіргі талаптарға бейімдеуге бағытталған.
Жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, Көлік министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
