Өскеменде жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына арналған ашық дәріс өтті

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендіктің иесі» тақырыбында ашық дәріс ұйымдастырылды. Кездесу барысында студенттер Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы, халық егемендігі, мемлекеттік биліктің құқықтық негіздері және азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат алды.


Ашық дәрісті университеттің Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Байркенова Гүлмира Төлеубекқызы өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары туралы білімін тереңдету, мемлекеттік биліктің қалыптасуы мен жүзеге асырылу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығы мен конституциялық мәдениетін арттыру.

Дәріс барысында 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына ерекше назар аударылды. Оның негізгі ережелері түсіндіріліп, мемлекеттік биліктің бастауы ретінде халықтың алатын орны мен азаматтардың конституциялық құқықтарының маңызы кеңінен талқыланды.

Атап айтқанда, Конституцияның 4-бабының 1-тармағында Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендіктің иесі ретінде бекітілген. Ал осы баптың 2-тармағына сәйкес, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы іске асырады.

Дәріскер бұл нормалардың мемлекетті басқару жүйесіндегі іргелі маңызын түсіндірді. Халық егемендігі қағидаты мемлекеттік биліктің заңдылығы азаматтардың еркіне негізделетінін білдіреді. Сонымен бірге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметі Конституцияда және заңдарда белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырылуға тиіс. Бұл талап биліктің жауапкершілігін қамтамасыз етіп, оның қызметіне құқықтық шек қояды.

Кездесу барысында Конституцияның 2-бабында бекітілген Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы мен аумақтық тұтастығының мызғымастығы мәселелері де қарастырылды. Бұл қағидаттар мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастырып, елдің ішкі және сыртқы саясаттағы дербестігін айқындайды.

Сондай-ақ Конституцияның 5-бабының 2-тармағына сәйкес, Ата заң ең жоғары заңды күшке ие және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Бұл норма барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың қызметінде конституциялық талаптардың басшылыққа алынуын қамтамасыз етеді. Дәріс барысында заң үстемдігі қағидатының қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөліне де тоқталды.

Ашық дәрістің маңызды бөлімдерінің бірі халықтық егемендік пен мемлекеттік егемендік ұғымдарының арақатынасына арналды. Халықтық егемендік – биліктің бастапқы иесі халық екенін білдіретін конституциялық қағидат. Ал мемлекеттік егемендік елдің тәуелсіздігін, аумағының тұтастығын және мемлекеттік билікті дербес жүзеге асыру құқығын сипаттайды. Осы екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, олардың мазмұны мен құқықтық мәні ерекшеленеді. Дәріскер егемендік жекелеген тұлғалардың немесе мемлекеттік органдардың жеке иелігі емес, бүкіл конституциялық жүйенің негізі екенін атап өтті.

Тарихи-құқықтық сабақтастық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының 4-тармағы талданып, онда Қазақстан халқының мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретіндегі мәртебесінің бекітілуі түсіндірілді. Бұл қағидаттың қазіргі Конституцияда жалғасын табуы елдің мемлекеттілігін қалыптастыру жолындағы маңызды құқықтық ұстанымдардың сақталғанын көрсетеді. Осы арқылы студенттерге Қазақстанның конституциялық дамуын тарихи кезеңдермен сабақтастыра қарастырудың маңызы жеткізілді.

Дәріс барысында теориялық мәселелер нақты құқықтық жағдайлармен ұштастырылды. Студенттер сайлау мен референдумның халық билігін тікелей жүзеге асырудағы рөлін, мемлекеттік органдардың конституциялық өкілеттіктерін және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу тетіктерін талқылады. Сонымен қатар азаматтық белсенділік, заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу мәселелері қозғалды.

Пікір алмасу кезінде студенттер өз ойларын ортаға салып, конституциялық нормаларды іс жүзінде қолдануға қатысты сұрақтар қойды. Дәріскер олардың сауалдарына жауап беріп, құқықтық ережелерді дұрыс түсіну мен оларды күнделікті өмірде басшылыққа алудың маңызын түсіндірді.

Мұндай кездесулердің студенттер үшін маңызы зор. Өйткені Конституцияны білу тек құқық саласында білім алатын жастарға ғана емес, қоғамның әрбір мүшесіне қажет. Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі, мемлекеттік басқару тетіктерінен хабардар болуы және қоғамдық өмірге саналы түрде қатысуы құқықтық мемлекеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Ашық дәріс белсенді пікір алмасу форматында өтіп, студенттердің жаңа Конституцияның негізгі ережелері жөніндегі түсінігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар кездесу жастардың елдің конституциялық құрылысына, егемендік ұғымына және азаматтық жауапкершілікке қатысты көзқарасын қалыптастыруға бағытталды.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter