Неліктен Өскеменде жол жүру ақысы өзгереді: билет құнының артында тұтас көлік жүйесінің экономикасы тұр
Өскемен тұрғындарының басым бөлігі үшін қоғамдық көлік – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Қала тұрғындары автобустар арқылы жұмысқа, оқу орындарына, ауруханаларға, мемлекеттік мекемелерге және басқа да маңызды нысандарға қатынайды. Сондықтан жол жүру тарифіне қатысты кез келген өзгеріс қоғамда қызу талқыланып, жолаушылар арасында алаңдаушылық туғызатыны заңды.
Алайда билет құны тек жолаушы төлейтін сомамен ғана өлшенбейді. Оның артында күн сайын жүздеген автобустың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін күрделі экономикалық жүйе жатыр. Соңғы он жылда жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, техникалық қызмет көрсету, коммуналдық төлемдер, салықтар мен қызметкерлердің еңбекақысы бірнеше есе қымбаттады. Ал қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз қалып келді.
Қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылған шешім жобасына сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Өскеменде қоғамдық көліктегі жол жүру тарифін өзгерту жоспарланып отыр. Қолма-қол ақшасыз төлем жасаған жағдайда бір реттік жол ақысы 120 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқанда 200 теңге болады. Қазіргі таңда көлік картасын пайдаланатын жолаушылар 90 теңге, ал қолма-қол төлейтіндер 130 теңге төлейді.
Он жылға жуық өзгермеген тариф
Өскеменде қоғамдық көліктің бірыңғай тарифі соңғы рет 2017 жылдың ақпан айында өзгерген болатын. Сол кезде жол жүру ақысы 80 теңгеден 90 теңгеге көтерілді.
Кейін, 2022 жылдың сәуірінде, электрондық билет жүйесі енгізілгеннен кейін қалада сараланған тариф қолданысқа енді. Соған сәйкес көлік картасымен төлейтіндер бұрынғыдай 90 теңге төлеп қалса, қолма-қол есеп айырысу құны 130 теңгеге дейін өсті.
Яғни қала тұрғындарының басым бөлігі үшін жол ақысы шамамен он жыл бойы өзгерген жоқ.
Осы уақыт ішінде қоғамдық көлік жүйесі айтарлықтай жаңарды. Қала көшелеріне жаңа автобустар шығарылды, электрондық төлем жүйесі толық енгізілді, бірқатар бағыттар қайта ұйымдастырылып, маршруттық желі жетілдірілді. Сонымен бірге тасымалдаушылардың шығындары да жылдан-жылға өсіп отырды.
Бүгінде автобус бағытын қамтамасыз ету тек жанар-жағармай сатып алумен шектелмейді. Оған көліктерді жөндеу, техникалық қызмет көрсету, қосалқы бөлшектерді ауыстыру, мотор майлары, аккумуляторлар, дөңгелектер, жүргізушілер мен техникалық қызметкерлердің еңбекақысы, салықтар, сақтандыру төлемдері және коммуналдық шығындар кіреді.
Әр бағыттың өз шығыны бар
Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бүгінде облыс орталығында 70-ке жуық автобус бағыты жұмыс істейді. Әр бағыт конкурстық негізде жеке тасымалдаушыға беріледі.
Бөлім басшысы Ержан Ибраевтың айтуынша, әр маршруттың ұзындығы, жолаушылар ағыны, рейстер саны және қызмет көрсету шығындары әртүрлі.
— Бұрын қалалық жолаушылар тасымалы субсидияланбаған кезде тасымалдаушылар барлық шығынды билет сатудан түскен қаражат есебінен жабуға мәжбүр болды. Яғни 90 теңгенің ішінен жанар-жағармай да сатып алынды, автобустар жөнделді, жүргізушілердің жалақысы төленді және салықтар өтелді. Мұндай жағдай тек Өскеменде емес, еліміздің көптеген қалаларында қалыптасты. Сондықтан мемлекет әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау тетігін енгізді, — дейді Ержан Ибраев.
Субсидиялау қалай жүзеге асырылады?
Қазіргі таңда Өскеменде әлеуметтік маңызы бар 54 автобус бағыты бар. Алдымен әр бағыттың нақты шығындары есептеледі. Мамандар маршруттың ұзындығын, күнделікті рейстер санын, жанар-жағармай шығынын, автобустардың техникалық жай-күйін, жүргізушілердің жалақысын және басқа да міндетті шығындарды талдайды.
Егер бір жолаушыны тасымалдаудың нақты өзіндік құны қолданыстағы тарифтен жоғары болса, айырмашылық жергілікті бюджет есебінен өтеледі.
Яғни жолаушы билет құнының тек бір бөлігін ғана төлейді, ал қалған шығын мемлекет тарапынан субсидияланады.
Ержан Ибраевтың айтуынша, кейбір қалалық бағыттарда бір жолаушыны тасымалдаудың нақты құны 200–300 теңгені құрайды. Ал тұрғын небәрі 90 теңге төлейді.
— Ал қала маңындағы саяжай бағыттарында бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Кейбір маршруттарда бір жолаушыны тасымалдаудың өзіндік құны 1200–2000 теңгеге дейін жетеді. Себебі арақашықтық ұзақ, ал жолаушылар саны аз. Соған қарамастан тұрғындар бұрынғы тарифпен қатынай береді. Айырмашылықтың барлығын бюджет өтейді, — дейді бөлім басшысы.
Бюджетке түсетін жүктеме артып келеді
Мұндай жүйе қоғамдық көліктің халық үшін қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік бергенімен, жергілікті бюджетке түсетін салмақ жылдан-жылға артып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, 2017 жылғы 90 теңге мен қазіргі 90 теңгенің сатып алу қабілеті бірдей емес. Осы уақыт аралығында жанар-жағармай бағасы бірнеше рет өсті, қосалқы бөлшектер қымбаттады, автобустарды күтіп ұстау шығындары көбейді, ең төменгі жалақы мен коммуналдық тарифтер де өзгерді.
Соған қарамастан жол жүру ақысы ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз сақталды. Бұл айырмашылықты өтеу үшін мемлекет жыл сайын миллиардтаған теңге көлемінде субсидия бөлуге мәжбүр болып отыр.
Мамандардың пікірінше, ұсынылып отырған тарифтің өзгеруі тасымалдаушылардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жүргізушілердің жалақысын уақытылы төлеуге, автобустарды сапалы жөндеуге және қоғамдық көлік паркін одан әрі жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қоғамдық көлік жүйесінің үздіксіз жұмысын сақтап, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
