Болашақ инженерлерге бағыт: ШҚТУ автокеруені оңтүстік өңірде жалғасуда

 

Бүгін Жамбыл облысының орталығы — Тараз қаласында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ұйымдастырған автокеруені кәсіби бағдар беру  аясындағы кезекті кездесу өтті. Университет өкілдері Тараз қаласындағы №13 орта мектебінде Тараз қаласының оқушыларымен жүздесіп, болашақ мамандық таңдауы жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
 
Іс-шараға қаланың 10-сынып оқушылары қатысып, университеттің білім беру бағдарламалары, студенттерге жасалатын мүмкіндіктер, халықаралық байланыстар мен заманауи зертханалар туралы кеңінен мәлімет алды. Кездесу барысында талапкерлерге инженерия, ақпараттық технологиялар, құрылыс, энергетика, жасанды интеллект және басқа да техникалық бағыттар бойынша даярланатын мамандықтардың артықшылықтары таныстырылды.
 
Автокеруен аясында оқушыларға ерекше қызығушылық тудырған бағыттардың бірі — Лу Бань шеберханасы болды. Аталған шеберхана Тяньцзинь кәсіптік институты мен ШҚТУ-дың халықаралық ынтымақтастығы негізінде ашылып, заманауи техникалық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыруға бағытталған. Университет мамандары шеберхананың мүмкіндіктері, халықаралық деңгейдегі тәжірибелік оқыту жүйесі және студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытудағы рөлі жөнінде баяндады.
 
Кездесу барысында оқушылар мен ұстаздар тарапынан жоғары қызығушылық байқалып, талапкерлер көкейлеріндегі сұрақтарына нақты жауап алды. Университет өкілдері білім беру гранттары, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, қос дипломды беру бағдарламаларының мүмкіндіктері және студенттік өмір туралы да кеңінен ақпарат берді.
 
Осындай кәсіби бағдар беру кездесулері жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына, техникалық білімге деген қызығушылығын арттыруға және еліміздің инженерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. ШҚТУ автокеруені  алдағы уақытта да Шымкент қаласында және Түркістан және Қызылорда облыстарында жалғасады.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter