Салық кодексіндегі өзгерістер: азаматтар нені білуі керек?

Жыл басынан  бастап салықтық бақылау мен декларация тапсыруға қатысты жаңа талаптар қолданыла бастады. Жаңа нормалар тексеру мерзімдерін нақтылап, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.  Бұл туралы Өскеменде өткен баспасөз-конференциясында мемлекеттік кірістер Департаменті мамандары хабарлады.


2026 жылдан бастап Қазақстанда салықтық бақылау мен жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа талаптар салықтық тексерулерді жүргізу тәртібін нақтылауға, салық төлеушілердің құқықтары мен міндеттерін айқындауға және декларация тапсыру рәсімін оңтайландыруға бағытталған.

Салықтық тексеру мерзімі, әдетте, салық төлеушіге тексеру жүргізу туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күнінен аспайды. Бұл ретте салық төлеушінің санаты, қызметінің көлемі, құрылымы және тексерудің ерекшеліктері ескеріледі. Кодексте көзделген жағдайларда тексеру мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Салықтық бақылау барысында кәсіпкерлік субъектісіне қажетті құжаттар мен ақпаратты ұсыну туралы талап қойылуы мүмкін. Мұндай талапты орындау мерзімі бұрынғы тәртіппен салыстырғанда қысқарып, 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін белгіленді. Бұл салық төлеушінің құжаттарды белгіленген мерзімде жинап, ұсынуына жауапкершілікті арттырады.

Сонымен бірге шағын және орта бизнес субъектілерінің әкімшілік жүктемесін төмендету мақсатында құжаттарды ұсыну туралы талапқа қатысты шектеу енгізілді. Тексеру барысында мұндай талап шағын және орта бизнес өкілдеріне екі реттен артық берілмейді.

Декларациялау жүйесінде де маңызды өзгерістер бар. 2026 жылдан бастап кірістер мен мүлік туралы декларацияны барлық азаматтардың жаппай тапсыру міндеті болмайды. Декларация ұсыну қажеттілігі азаматтың мәртебесіне, оның кірістеріне, мүлкіне және заңнамада белгіленген өзге де өлшемдерге байланысты анықталады.

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Жеке практикамен айналысатын тұлғалар да декларация ұсынуға міндетті. Бұдан бөлек, заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін коммерциялық ұйымдардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары үшін де декларация тапсыру міндеті қарастырылған.

Жекелеген жағдайларда азаматтардың алған кірістеріне немесе иелігіндегі мүлікке байланысты декларация ұсыну қажет болады. Атап айтқанда, дербес салық салуға жататын кіріс алған тұлғалар, шетелде мүлкі бар азаматтар, сондай-ақ шетелдік банктердегі қаражаты белгіленген шектен асатын адамдар декларация тапсырады.

Декларациялау талаптары цифрлық активтерге қатысты да қолданылады. Цифрлық активтерге иелік ететін азаматтар заңда белгіленген жағдайларда кірістері мен мүлкі туралы ақпаратты көрсетуге міндетті. Сонымен қатар есепті кезеңде жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алған тұлғаларға да декларация тапсыру талабы қойылады.

2025 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияны тиісті санатқа жататын азаматтар 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсынуы қажет. Декларацияны электрондық форматта бірнеше цифрлық сервис арқылы тапсыруға болады. Олардың қатарында Салық төлеушінің кабинеті, eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat, eGov mobile және Kaspi.kz қосымшалары бар.

Электрондық форматты енгізу азаматтарға декларацияны салық органына бармай-ақ тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте декларациядағы мәліметтердің дұрыстығына жауапкершілік салық төлеушінің өзіне жүктеледі. Сондықтан құжатты жібермес бұрын жеке деректерді, кірістер туралы ақпаратты және мүлікке қатысты мәліметтерді мұқият тексеру маңызды.

Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – салықтық бақылауды тиімді жүргізу, рәсімдерді цифрландыру және салық төлеушілер үшін әкімшілік рәсімдерді барынша түсінікті ету. Декларацияны тек заңда белгіленген санаттарға енгізу арқылы азаматтарға түсетін негізсіз жүктемені азайту көзделсе, салықтық тексеру кезінде құжаттарды ұсыну мерзімдерінің нақтылануы бақылау процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты азаматтар мен кәсіпкерлер өздерінің декларация тапсыру міндеті бар-жоғын алдын ала анықтап, белгіленген мерзімдерді сақтағаны жөн. Ал кәсіпкерлік субъектілері салықтық тексеру кезінде құжаттарды ұсыну талаптарына және оларды орындау мерзімдеріне назар аударуы қажет.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter