ШҚТУ COP31 АЛАҢЫНДА ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІН ТАНЫСТЫРДЫ
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Антальяда өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясындағы халықаралық сессияны бірлесіп ұйымдастырушылардың бірі болды.
«Powering the Transition: Energy Security, Mobility & Critical Minerals» («Өтпелі кезеңді қамтамасыз ету: энергетикалық қауіпсіздік, ұтқырлық және аса маңызды минералдар») атты сессия 2026 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында өтті. Оны ШҚТУ, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) және RTCC бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға АҚШ, Марокко және басқа да елдердің халықаралық ұйымдары, университеттері мен ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты. Сессияға қатысушылар қатарында ICESCO-ның Ғылым және қоршаған орта секторының басшысы Қ. Ерғалиев және Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев болды. Сарапшылар энергетикалық қауіпсіздік, тұрақты ұтқырлықты дамыту, аса маңызды және сирек жер металдарын экологиялық қауіпсіз өндіру мен терең өңдеу мәселелерін талқылады.
ШҚТУ сессияға қатысушы ретінде ғана емес, оның мазмұндық бағдарламасын қалыптастыруға атсалысқан ұйымдастырушылардың бірі ретінде де танылды. Университет Қазақстанның аса маңызды минералдық ресурстарды зерттеу және өңдеу саласындағы мүмкіндіктерін, Horizon Europe бағдарламасының TiBeRIUM жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық тәжірибесін таныстырды.
Бұл тақырып Шығыс Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. Өңірде тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындары шоғырланған, сондай-ақ титан, бериллий және сирек жер металдарын зерттеу мен өңдеуге арналған ғылыми-өндірістік база қалыптасқан. Экологиялық қауіпсіз технологияларды әзірлеу, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу және білікті инженерлер даярлау өңір экономикасының одан әрі дамуымен тікелей байланысты.
TiBeRIUM жобасын жүзеге асыруға ШҚТУ-мен қатар қазақстандық өнеркәсіптік серіктестер, соның ішінде Үлбі металлургиялық зауыты мен Tenir Group қатысады. Жоба титан мен бериллий ресурстарын зерттеуге, оларды өңдеудің экологиялық тиімді технологияларын әзірлеуге және аса маңызды материалдарды жеткізудің тұрақты тізбектерін құруға бағытталған.
Шетелдік спикерлер ШҚТУ-дың ғылыми-техникалық және білім беру әлеуетін, сондай-ақ университеттің халықаралық зерттеу жобаларын іске асыру және инженерлік кадрлар даярлау мүмкіндіктерін атап өтті.
COP31 деңгейіндегі іс-шараны бірлесіп ұйымдастыру ШҚТУ мен Шығыс Қазақстан үшін ғылыми және өндірістік байланыстарды кеңейтуге, өңір кәсіпорындарына заманауи технологияларды тартуға және бірлескен халықаралық жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

